2 қыркүйек 2026, сәрсенбі Соңғы жаңалықтар
Мәдениет

«Атлахтан Қозыбасыға дейін» рухани экспедициясы басталды

Әулиеата өңірінің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау және тарихи сананы жаңғырту мақсатында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен «Әулиеата тарихы: «Атлахтан Қозыбасыға дейін» атты тарихи-рухани экспедиция жүзеге асуда.

Экспедицияның басты мақсаты – Атлах шайқасы өткен тарихи аумақтан Қазақ хандығының негізі қаланған Қозыбасы өңіріне дейінгі тарихи кеңістікті кешенді түрде зерделеп, оның тарихи маңызын заманауи ақпараттық технологиялар мен медиа құралдар арқылы кең аудиторияға таныстыру.

Экспедиция барысында «Әулиеата аңыздары» кітабына енген тарихи орындар мен аңыз-әңгімелерге қатысты нысандар зерделеніп, олардың тарихи және рухани маңызы цифрлық кеңістікте кеңінен насихатталмақ.

Бұл аталған экспедицияға тарихшылар, өлкетанушылар, этнографтар, мәдениет мамандары қатысады. Экспедиция үш бағыт бойынша ұйымдастырылып, Әулиеата өңіріндегі бірқатар тарихи, археологиялық және табиғи нысандарды қамтиды.

Экспедицияның маңызды шараларының бірі – «Ақыртас» тарихи кешенінде тарихшылар, этнографтар, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет мамандарының қатысуымен ашық семинар-кеңес өткізу. Жиын барысында экспедицияның алғашқы нәтижелері сараланып, тарихи-мәдени мұраны зерттеу және насихаттау мәселелері талқыланады.

«Атлахтан Қозыбасыға дейін» тарихи-рухани экспедициясы – Әулиеата өңірінің бай тарихын біртұтас тарихи кеңістік ретінде танытып, ұлттық тарихи мұраны жаңа медиа форматта келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды жоба.

Ұқсас жаңалықтар